Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федератив Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге Магдебургтегі Рождестволық базардағы трагедия салдарынан болған адам шығындарына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Достас Германия халқының орны толмас жоғалтуына ортақтасып, Қазақстан халқының атынан және жеке өз атымнан қайғырып, қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін», – делінген телеграммада.
Магдебургтегі Рождестволық базарға жасалған шабуылдың салдарынан қаза тапқандар саны беске жетті, олардың арасында кішкентай бала бар, деп хабарлайды Spiegel қауіпсіздік қызметтеріне сілтеме жасап, rbc.ru жазады. Германияның ресми билігі екі адамның — ересек адам мен баланың қаза тапқаны туралы мәлімдеді. Bild жергілікті полицияның деректеріне сілтеме жасап, төрт адамның қаза тапқаны және 200-ден астам адамның зардап шеккені туралы хабарлады: 41 адам ауыр жағдайда, 86 адам орташа ауыр жарақатпен ауруханаға жатқызылды, 78 адам жеңіл жарақат алған.