Түркістанда лифт өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының EsVilla Prefabik Hafif Çelik Yapı Sistemleri Ltd. Şti. компаниясының бас директоры Ибрагим Тюйлюмен кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды Kapital.kz бизнес ақпарат орталығының тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ибрагим Тюйлю Түркістан облысының делегациясымен Түркияда кездескенін айтты.
«Түркияда сіздердің делегацияларыңызбен кездесу барысында Түркістанның инвестициялық әлеуеті туралы ақпарат алдық. Барлығын өз көзіммен көру үшін арнайы келдім. Мен «Өндірістік паркке» барып, ғимараттарды қарап шықтым. Біз лифт өндіруді ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Жобаны тез арада жүзеге асырып, жұмысымызды бастауға ниеттіміз. Кәсіпорында қазақ жастарынан мамандар жұмыс істейді. Мен сондай-ақ Ходжа Ахмет Яссауи мавзолейіне бардым. Маңызды бірлескен жобаларды талқылау үшін сіздерді Түркияға шақырамын. Іскерлік байланыстар нығайып, бауырлас елдерде инвестициялық жобалар көбейе берсін», – деп атап өтті түрік инвесторы.
Дархан Сатыбалды облыс әкімдігі «Түркиядан инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан дайын» екенін айтты.
«Түркістан түркі әлемі үшін ерекше орын алады. Бұл Ахмет Яссауи өмір сүрген Тұран аңғарындағы ең көне қалалардың бірі. Қала Қазақ хандығының астанасы болды. Мұнда қазақ хандары, билер мен батырлар мәңгілік тыныштық тапты. Алты жыл бұрын Түркістан облыс орталығы болды. Аймақта жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалды», – деп атап өтті Дархан Сатыбалды.
Әкімдіктен атап өткендей, Түркістан облысында инвесторларды тарту және арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтарда, сондай-ақ «Өндірістік парк» аумағында кәсіпорындар ашу бойынша жұмыстар жалғасуда. Жыл басынан бері Түркістан облысына 888,5 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артық.